Юрген Янкофски
Анна Гуд
Бір
- Сұмдық-ай!-деп айқайлап жіберді Анна.- Неткен әділетсіздік, бұл барып тұрған әділетсіздік қой!
Теледидар босқын адамды көрсетуде. Ол сәбиді көтеріп, теңізден шығып келе жатыр. Нақтырақ айтқанда, сәбидің өлі денесін. Абайлап қимылдап, мейірімге толы қозғалыспен ол сәбидің денесін құмның үстіне жатқызып, қасына тізерлей отырды да, басын көтеріп, аспанға көз тікті. Шомылу киімін киген саяхатшылар, балаларды да қоса, оның қасына жиналып, адырайып қарап тұр. Жоқ, бұл кино емес. Бұл - жаңалықтар, бәрі шынайы, жаңа ғана осы оқиға шынымен де орын алды.
Анна көзін қолымен жапты да, басын сілкіп жіберді. Бірақ, көз алдындағы кадрлар ешқайда кеткен жоқ. Теңізде басқа босқындар жүзіп келеді. Көкжиекте тағы бір қайық суға батып бара жатыр.
Әрине, ол мұндай оқиғаны өмірінде бірінші рет көріп тұрған жоқ, алайда бүгінгі көріністе барлығы шегінен астам.
Диктор көмек қолын созу үшін кез келген уақытта ақша аударуға болатынын хабарлады.
Анна балалар бөлмесіне жүгіріп барып, ақша жинайтын қобдишасын алып келді. Кеше ғана атасы мен әжесі демалысқа деп көп ақша берді. "Жолдарың болсын! Уақытты жақсы өткізулеріңді тілейміз!". Бірақ, олар анасы мен әкесінің қасында, пальманың көлеңкесінде жатқанда, жаңа ғана теледидардан көрген нәрсе қайталануын көзге елестету мүмкін емес... Жоқ! Тек қана бұл емес!
Қолын барынша созып, жинақ қобдишасын жоғарыға көтерді, бір сәттен соң - бам! қобдишасы еденге тарс етіп түсіп, күл-талқаны шықты.
- Не болды?- анасы ас үйден жүгіріп келді. - Не істеп жатырсың?
- Менің анда ақша аударғым келеді,- Анна теледидарды нұсқады.- Сен маған көместесесің бе?
- Бірақ... қалайша?
- Бұлай болмау керек,- деп айқайлап жіберді Анна. - Ана жерде, біреулер өліп жатқан жерде, басқалар күн шуағында теңізге шомылып жатыр. Мұның бәрі бітуі керек, ақыры тоқталуы тиіс!
Екі
Робин сағыз беретін автоматты алақанымен ұрып жіберді.
-Қап, бәлем!- деп тістене сөйледі ол.- Мұнда тағы қанша салу керек? Бұл неге ештеңе бермейді?
Анна Робиннің ызаланып, шалбарының қалтасын ақтарып жатқанын бақылап тұрды. Бірақ, ол тағы бір мәнетті автоматқа салып үлгермес бұрын, Анна оған:
- Тоқтай тұр!- деп айқайлады.
Анна бұған дейін сыныптағы қалған балалардың бәрінен "біздің әлем үшін, өмірдегі жоқшылықты, қайғы-қасіретті жеңу үшін үшін бірдеңе жасағыларың келе ме?" деп сұрап шыққан болатын. Алайда, бәрінің бір сылтауы болды: біреулер әмиянын үйде ұмытып кеткен, екіншілердің тіпті уақыты жоқ, олар бір сабақтарды оқуы керек екен, ал үшіншілер алдымен ата-аналарынан рұқсат сұрау қажеттігін айтты, кейбіреулері мұнымен, мүмкін, ертең айналысатындарын айтып бақты.
Робин болса, Анна рюкзагынан шығарған сағызға бар назарымен қарап тұрды. Сыртынан сәл түсі қашқанмен, әбден жарамды. Ол Аннаның теледидардан мұндай сұмдық сюжеттерді одан әрі көру тіптен мүмкін еместігі туралы әңгімесін байыппен тыңдап шықты. Ақырында, Робин Аннаның жинақ қобдишасына өзінің мәнет ақшасын салды.
Үш
Анна математика сабағында күрделі бақылаудан бес алғаны үшін әкесі берген ақшаны да қайырымдылыққа сыйға тартты. Оның үстіне, ол ағайлар мен апайларын, немере ағалары мен апаларын, көршілерін, мұғалімдерді, тіпті көшедегі бейтаныс адамдарды оның ісіне еліктеуге үгіттеді.
Сонда да бұл кадрлардың, сол бір сұмдық қорқынышты көріністің жаңалықтарда жариялануы жалғаса берді. Олар азаюдың орнына, күн сайын көбейіп жатқандай боп көрінді. Бұл көріністер одан да жан түршігерлік күйге ене бастады: суға батқан қайықтар өсіп, қаза тапқандар саны ұлғайды, аузын ашып қараушылар одан да көбейді.
Төрт
Робин Аннадан:
- Менің бүкіл әлемге танымал аттасым бар екенін білесің бе?-деп сұрады. - Үнемі жасыл киіммен жүреді, садақтан жебе атуда мерген, байлардың ақшаларын алып кедейлерге таратып беретін жаужүрек әрі ақылды кейіпкер...
- Робин Гуд?
- Дұрыс таптың, - деп растады Робин.
Бес
Анна ойланып қалды.
- Сен сонда, егер бай адамдар бүгін кедейлерге ең болмаса ас-суына, мектепке баруларына, сосын жұмыс тауып, бейбіт өмір сүруіне жеткілікті ақша берсе, онда ешкім босқын болмас еді деп айтқың келе ме?- деп сұрады ол ақырында.
- Білмеймін, - деді Робин.
- Онда кедейлер қауіпті жолдармен теңіз кешіп, шөлден өтіп, таулардан асып, шекаралардағы тікенді сымдар арқылы, бай елдерге бару үшін өз отандарын кетпес пе еді?
- Білмеймін, - деді Робин.
- Мен садақтан жебе атуды қайдан үйренуіме болады?- деп сұрады Анна.
- Білмеймін, - деді Робин.
Алты
Робин Аннаның күннен күнге сырт кейпін өзгертіп жүргенін көрді: алғашқыда ол шашына жасыл бантик тағып келді, сосын тырнағын жасыл лакпен бояды, содан соң жасыл жемпір киді, ал одан кейін жасыл белдемше, жасыл туфли. Ақырында ол мектепке ерні мен қабағын жасылға бояп, жасыл сағат, жасыл моншақ, жасыл сақина, жасыл білезік тағып, жасыл рюкзак ұстай бастады.
Ол қаншалықты жасылданған сайын, мінезі соншалықты тұйық болып көрінді. Үнемі ойға шомып жүрді, күлуден қалды, өзгелерден қашқақтап, Робинмен сөйлесуді де барынша азайтты.
Бір күні Робин күтпеген жерден мектепке жасыл кепка киіп келді. Егер мұғалімдер үнемі Робинге ең болмаса сабақта "мына жасыл нәрсені" шешуін сұрамаса, мүмкін Анна оны байқамас па еді.
- Саған жасыл түс жарасады екен!– деді Анна.
- Саған да, - деді Робин.
Олар бір-біріне күлімдеді.
- Робин Гуд қашан да көңілді болған, - деді Робин. – Ол үнемі ашық мінезді, көтеріңкі көңіл күйде жүрген.
- Сен қайдан білесің?
- Ол туралы аздап оқыдым. Интернеттен және тағы басқа жерлерден.
- Жақсы, - деп келісті Анна. – Ал әрі қарай не?
- Робин Гуд жалғыз өзі түк бітіре алмас еді, мүлдем ештеңе. Сенімді достары, өзінің тобыры болмаса, ол ешқашан алтынға және әділдікке қол жеткізбес еді. Ешқашанда!
- Хм, - Анна ойланып қалды. – Сонда сенің айтқың келіп тұрғаның....?
- Әрине! – деді Робин.
- Ал, онда, - деп Анна Робинге жасыл сақинаны ұсынды. - Анна Гудтың тобырына қош келдің!
Жеті
Сол күні Анна интернетен Робин Гуд туралы ақпаратты өзі тауып, Робин Гуд пен оның серіктерін заңсыздар деп атағанын оқып білді. Ал заңсыздардың заңында былай делінген: байлардан ал да, кедейлерге бер.
Сосын ол Робин Гудтің байлардың өздері, құдай басқа салмасын, кедей боп қалмауы үшін, олардан алтын, ақша немесе әшекейлердің тек жартысын ғана алғаны туралы оқыды. Ақырында ол, ертеде Англияда - бірнеше ғасырлар бұрын - Робин Гуд мейрамы болғаны туралы оқыды. Ол мейрамда ән шырқап, би билеген, өлеңдер оқып, сайқымазақ пен қақпақылдау ойнап, түрлі фокустар көрсеткен. Ал соңында байлар ақшаларын кедейлерге өз еркімен берген, көөөп ақша берген. Робин Гуд мейрамы Робин Гуд күнінде - әрқашан бірінші мамырда атап өтілген.
Сегіз
- Керемет! – деп шаттана айқайлап жіберді Робин. – Бүгін - бірінші мамыр, кеттік!
- Сен қайда барасың?
- Барлық байлар баратын жерге, көп ақша бар жерге - банкке!
Сосын ол Аннаны қолынан ұстап алып, екеуі қала ішімен жүгіріп кетті.
Бірақ банктің алдында, бір жағынан - қолдарына қызыл жалаулар мен қызыл транспаранттар ұстаған егде жастағы ер адамдар мен әйелдер тобы жиналып, қызыл ысқырғышпен құлақ тұндыра ысқырып тұрды. Ал екінші жағынан, қара жалаулар мен қара транспаранттар ұстаған жас ер адамдар мен әйелдер жиылып, ысқырықтан да қаттырақ айқайлауға тырысты. Олардың арасында полицейлер тұрды. Ал бәрі қысқа бір сәтке тынышталғанда, сахнаға қарт шешен шығып, барлық елдердің жұмысшылары мен еңбекшілері ақшаның билігін тойтаруы керектігі туралы айтып, ұсыныстарын қағаздың бетінен тұтығып оқи бастады. Анна мен Робин қанша тырысқанымен, оларды түсіне алмады.
Анна мен Робин ән шырқап, би билеп, өлеңдер оқып, сайқымазақ пен қақпақылдау ойнап, түрлі фокустар көрсетуді бастамас бұрын, оларды өрескел түрде қуып жіберді:
- Бұл ойнайтын жер емес!
- Мұнда Бірінші мамыр - Еңбек күні!
- Ұқтыңдар ма?
Тоғыз
Назар аударыңдар! Балалар!- деп жазды Анна интернетте. Кім әділетсіздікке қарсы? Кім заңсыздар заңын қолдайды? Біз Анна Гуд тобырын құрдық! Сендер қатысқыларың келе ме? Маған жазыңдар!
Он
Көп ұзамай, Анна әлемнің түкпір-түкпірінен электрондық хаттар ала бастады.
Бірінші болып Отто жазды: Мен сендермен біргемін!
Сосын Ахмед, Армен, Амо, Сованни және Акира.
Мария деген қыз Аннаның хабарламасын басқа тілге аударуға бола ма деп сұрады.
Әрине!
Светлана есімді қыз Аннаның хабарламасын басқа балаларға таратуға бола ма деп сұрақ қойды.
Әрине!
Индира ендігі аударылған хабарламаларды өзге де тілдерге аударып, өзге балаларға жіберуге бола ма деп сұрады.
Әрине! Әрине! Әрине!
Жетек қардың қағидасы: енді бұл тобырға қатысуды қалағандар қатарында Гизо мен Златко, Хайле, Багешре, Манон және Тейс, Агнета, Айлюль мен Сара, Хосе, Джон, Дьердь пен Джованни, Линг, Руи, Джингис, Малайка, Вайно, Хаби, Яла, Храфнхильдур, Бинтанг, Одиссей мен Валуйо, Наира, Мован, Эрнесто және Янко, Джанет пен Жасмин, Карамба, Патрик, Рето, Нанук, Нгуно, Свен, Закари, Нарумол, Хоа, Габия, Раду, Тензин пен Со-Юнг болды.
Қош келдіңіздер!
Он бір
- Сен біздің жаңа достарымыздың пікірлерін оқып шықтың ба? - деп сұрады Робин. - Олар не істеуге ұсыныс жасайды?
- Әрине, - деп жауап берді Анна. – Ал, қабілетімізді байқап көрейік!
Ал олардан бірінен бірі асатын ұсыныстар түсті: мектепке таңғы ас ішпей келетін балаларды бай адамдар үш тағамнан кем емес: сорпа, екінші түрлі тамақ және тәтті тағамнан тұратын түскі асқа шақырулары керек. Дереу түрде!
Немесе: бүкіл әлемде байлыққа салық енгізілгенше, балалар жаппай наразылық жарияласын. Жұмыс жасап емес, ақшасының арқасында ақша тауып отырған байлар табыстарының тең жартысын беруге келіскенде ғана, балалардың бәрі қайтадан үй тапсырмасын орындап, бақылау жұмыстарын жазып, сабақта жауап беруге келісетін болсын. Жылдам!
Әлде, былай: барлық адамдар - жастар немесе кәрілер, әйелдер немесе еркектер, семіздер немесе арықтар, сарылар, қоңырлар, ақтар немесе қаралар, байлар немесе кедейлер, барлығы тең болып, кез келген елде ай сайын бәрі бірдей мөлшерде ақшаны жай ғана олар адам екендері үшін алатын болсын. Бұл ақша ешкімнің аштықтан немесе шөлден қаза таппауына, әркімнің өмір сүруіне, мектепке баруына, жақсы жұмыс жасауына және адал еңбекпен барлық тілектерін, иә, бар армандарын іске асыруына жеткілікті болу керек. Осының бәрі адам өз үйіндей сезінетін жерде, иә, үйі қайда болса, сол жерде орындалуы тиіс. Мына әлемнің байлығы барлық жердегі барша адамға жетеді - рас қой?
Он екі
- Өтінемін, күлімдеңіз!
Робин бастан-аяқ жасыл киім киіп үлкен банктің алдында тұрған Аннаны жан-жаққа бағыттауда.
- Тағы бір қадам алға қарай. Иә, сосын сәл ортаға, солай, өте жақсы!
Сол кезде Робин Аннаның басына өзінің жасыл кепкасын да киігізіп, - Чик! Чик! Чик! – оны фотоға түсіре бастады.
Ең әдемі фотосуретті ол бірден интернетке салды: Анна Гудтен бәріңе сәлем!
Үйде Анна фотосуреттің астына былай деп жазды: Жуырда бірінші маусым - Балалар күні. Бұдан былай біздің күніміз Робин Гудтің күні деп аталатын болады! Біз жасыл түсті киімдерді киеміз- жасыл түсті бір затты әркім таба алады ғой: жасыл шұлық немесе жасыл лента, әлде жасыл қарындаш, немесе пальма жапырағы, болмаса қарапайым шөп - Робин Гуд Күні бәріміз ақша бар жерлерге: банктерге немесе байлардың үйіне баратын боламыз, тура Хэллоуинде қалай қорықпай жүреміз, дәл солай. Бірақ біз кәмпит сұрамаймыз, жоқ, садақа да сұрамаймыз, әділдік талап етеміз. Иә, баршаға әділдік! Ал бізге күлетіндер мен бізді қуып жіберетіндерді, фотоға түсіріп, интернетте жариялаймыз. Сонда келесі Робин Гуд күнінде одан да көп жасыл балалар әділдікті талап етеді, анағұрлым көп. Тек бір жылдан кейін екенінде тұрған ештеңе жоқ, ал тағы бір жылдан кейін ше! Жетек қардың қағидасы!
Робин Аннадан "маған да бірдеңе жазуға бола ма?" деп сұрады.
- Әрине!
Сонда ол былай деп жазды: Біз есеіп келе жатқанымызды ұмытпаңдар - жақында біз Жерді басқаратын боламыз!
Барлық елдерден балалар тез үндесе бастады: Иә, иә, иә- біз де сендермен біргеміз!
Кейбіреулерден түрлі сұрақтар түсті: мысалы, жасыл көзілдірік киюге бола ма, плакатқа сурет салуға немесе камераға түсіруге рұқсат етіле ме.
Иә, иә, иә!
Ал бірінші маусымда, Робин Гуд Күні, Анна тек бір сөзді жазуы қалды:
Бастаңдар!
Ins Kasachische übersetzt von Damet Gubaidullina